“Мұнайлы” газетінің редакциясынан: Рахат ҚОСБАРМАҚ 1972 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының Сам құмында дүниеге келген. Сыңғырлау орта мектебін бітіріп, 1989-94 жылдар аралығында Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыған. 1994-2002 жж. Маңғыстау облыстық телеарнасында жұмыс жасады. 2006 жылы тәуелсіз «Ар.kz» газетін ашты. Қазіргі таңда осы газеттің бас редакторы.
Ғасырлар тоғысында Алла Тағала сыйлаған Азат күн «оңай келді» дегенмен де, оның қиындығы – ала келген салдарында еді. Жетпіс жыл бойы кеңестік социалистік идеологияның темір құрсауында тырп ете алмай, пұшайман күй кешкен ұлттық дүниетанымымыз Тәуелсіздік таңында бір серпілді. Әйтсе де, одақтас республикалардың ұлттық рухани тамырын отай орныққан кеңестік идеологияның орнында қаңыраған вакуум қалды да, сол вакуумды өркениеттер қақтығысында пісіп-жетілген жаһандық идеологиялар толтыра бастады. Осы ретте қазақ баспасөзінің алдында Алла жар болып, ата-баба аруағы қолдап, сақталып қалған ұлттық иммунитетті нығайта түсу міндеті туындады. Осы орайда қазақ журналистикасының қамытын кигендердің көтерер жүгі жеңіл емес. Сонда да олар қазақтың қасіретіне, сорына, сергелдеңіне сергек қарап, батыл үн қатудан жалыққан емес.
«Біздің сұхбат» айдарында өлкемізге танымал журналист, ақын республикалық «Ар.kz» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Рахат ҚОСБАРМАҚ әріптесіміз көңілі ояу, көзі қарақты оқырман үшін қазақ журналистикасы мен қоғамдағы келеңсіздіктер туралы ой бөліседі. Оқыңыз, тоқыңыз.
- Рахат аға, «Ар.kz» газетін ашқаныңызға да бір жылдан асты. Жалпы, Манғыстау өлкесінде бұқаралық ақпарат көздері, соның ішінде баспасөз жағы аса көп емес. Осы орайда республикалық деңгейдегі «Ар.kz»-дың көтерер жүгі де ауыр. Газетті ашу идеясы қалай пайда болды? Не себептен «Ар.kz» деп аталды?
- «Ар.kz» газетінің шыға бастағанына бір жарым жылдан асты. 2006 жылдың 21 шілдесінен бері шығып келеді. Газеттің алғашқы қызметкерлерінің бірі – өзіңсің, Анаргүл. Сондықтан бұл басылымның қалай дүниеге келгенін, алғашқы сандары қандай қиындықпен жарық көргенін өзің де жақсы білесің.
Жалпы, Маңғыстау облысының бұқаралық ақпарат құралдары сферасында, жаңа өзің айтқандай, бос ниша (орын) бар. Бізде Алматыдағы немесе Шымкенттегі сияқты ондаған газет-журнал шығып жатқан жоқ. Оның ішінде қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары өте аз. Ал халық негізінен осы мемлекеттік тілде берілетін ақпаратқа сусап отырады. Біз осы бос нишаның орнын толтыруды көздедік.
Екіншіден, бізде шынайы ақпарат беру жағы кемшін. Күнделікті шығып жататын газеттер – не бірыңғай биліктің ықпалындағы, не билікке қарсы көзқарастағы оппозициялық немесе белгілі бір корпоративтік топтардың мүддесін көздеп, солардың сойылын соғатын сыңаржақ басылымдар. Ал шынтуайтында, журналистиканың негізгі міндеті мен басты бағыты бұл емес. Журналист немесе басылым алдымен халыққа шынайы ақпарат таратуға тиісті. Ол билікке жаға ма, жақпай ма, оппозицияға ұнай ма, ұнамай ма, яки жекелеген топтардың көңілінен шыға ма, шықпай ма – ол жағы маңызды емес. Ол – екінші кезектегі мәселе. Болған оқиға немесе қалыптасқан хал-ахуал туралы қоғам неғұрлым шынайы, объективті ақпарат алуы керек. Журналистің міндеті – соны бұрмаламай жеткізу. Өзіне қажетті нақты ақпаратты алған соң қоғам оны өз талқысына салады, бір-біріне қарама-қайшы, әртүрлі пікірлер қалыптасады. Сөйтіп, қоғамдық пікір туады. Ал журналист өзінің жеке пікірі мен көзқарасын халыққа таңбауы керек. Көптеген басылым басшылары мен журналистер осыны түсінбей, адасып жатады. Қатып қалған қасаң қағидалармен, ескі дағдымен жұмыс істейді. Олардың көп жағдайда халықтың көңілінен шыға алмай жататыны сондықтан. Міне, біз осынау қарапайым қағиданы әріптестеріміздің санасында тағы бір мәрте жаңғыртқымыз келді. Яғни дұрыс газет жасағымыз келді. Ал ол ниетіміздің қаншалықты жүзеге асып, ойдағыдай болып шыққан-шықпағаны жөнінде біз емес, халықтың өзі айта жатар. Газеттің алғашқы саны шыққалы бергі барлық қам-қарекетіміз бен тыныс-тіршілігіміз халықтың көз алдында.
Газеттің аты неліктен «Ар.kz» деп аталғаны туралы айтар болсақ, мұнда тұрған ешқандай құпия жоқ. «Қашанда ақиқатты ту еткен, Ахмет Байтұрсыновша айтқанда, «Халықтың тілі, көзі һәм құлағы» болып, ардың сөзін айтатын басылым болсын» деген құбыла-ниеттен туған ой. Мұны да кезінде сан-саққа жүгірткен кейбір керауыздар табылды. Жергілікті билік кеңселерінің дәліздерінде «Ойбай, «Ар» деген сөздің әріптеп таратқандағы анықтамасы (расшифровкасы) – Адай Республикасы екен» немесе «Адай Рахат» деген сөз екен» деп дүрлігіп, жаңадан шығып жатқан жас басылымның атауына шошына қарағандар да аз болған жоқ. Тіпті кезінде ұзақ жылдар бойы билікке қызмет еткен елге белгілі бір ағамыздың менен: «Елдің бәрі солай деп жатыр ғой. Сол әңгіме рас па?», – деп бар ынты-шынтысымен сұрағаны да есімде. «Мұның бәрі – тырнақ астынан кір іздеп, жоқ жерден жау тауып ала қоятын, теріс пиғылды, тар түсініктегі адамдардың әрекеті» деп ойлаймын. Сондықтан мұндай қаңқу сөздердің бәріне қолымды бір сілтеп, күлдім де қойдым. Әйтпесе, өз Отанымда, атажұртымда отырып, «Адай» деп газет ашудан қорыққан ештеңем жоқ. (Естеріңізде болса, ондай тарихи-танымдық алғашқы тәуелсіз газетті күндіз-түні маңдай терін сыпыра еңбек ете жүріп, жеке қаржысына марқұм Сайын Әділханов ағамыз өзінің көзі жұмылғанша бірнеше жыл бойы шығарып келген болатын). Тек мен ондай тар түсінікке қамалып қалғым келмеді.
Ал газеттің аты неге «Ар» емес, «Ар.kz» деп аталды?» дегенге келсек, әуелгіде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне газеттің атын «Ар» деп тіркеу жөнінде өтініш берген болатынмын. Алайда «Ар» деген басылым бұған дейін Семейде ме, Қостанайда ма, бар болып шықты. «БАҚ туралы» заң бойынша бірдей атаудағы екі бірдей басылым тіркелмейді. Сосын министрліктегі жігіттер маған: «Газетіңізді АР-1» деп тіркейік», – деген. Ол атау маған онша ұнамады. Сосын олар: «Ендеше «Ар.kz» деген атауға қалай қарайсыз?», – деді. Мұндағы «kz» – «Қазақстан» деген сөз. Мен келісім бердім.
«Ар» деген атау тек сол 2006 жылы газетті ашарда ғана ойыма келген жоқ. 2003 жылы мен «АР» деген телестудия да ашқан болатынмын.
- Биылғы жазылу науқаны қалай өтті, таралым санының өзгеруіне не себеп?
- Несін жасырайық, биылғы жазылу науқаны өте қиын болды. Қаржы қиыншылығы өз алдына, «Елдің сөзін сөйлеп, шындықты айтамыз» деп, билікке де, оппозицияға да жеккөрінішті болып, біраз қысымшылықты бастан кешіруге тура келді. Тіпті соның кесірінен нағыз баспасөзге жазылу науқаны қызған тұста бір жарым айға жуық уақыт бойы газетімізге жазылу тоқтатылды. Бір жағы биліктің қысымы, екінші жағынан халықтың самарқаулығы салдарынан газеттің шығу-шықпауы белгісіз болып, тағдыры қыл үстінде тұрды. Ел ішінде «Ар» газеті жабылады екен» деген әңгіменің тараған кезі де – осы тұс. Ақыры тәуекел етіп, тас жұтып, халықтың қолдауына сеніп, кеш те болса биылғы жылға жазылуды ұйымдастырдық. Бірақ әлі де болса, халықтың қолдауына, таным-түсінігі мол ел азаматтарының көмегіне зәруміз. Газеттің таралымы азайып, еңсесін тіктей алмай қалғаны да сол себепті болар. Ол туралы газеттің 2007 жылғы 7 желтоқсан күнгі санындағы «Біз жанбасақ лапылдап..» атты мақаламызда біз егжей-тегжейлі жазғанбыз. Сондықтан оған тағы да тоқталып жатқым келмейді.
- «Ар.kz»-да көбіне оппозициялық бағыт басым түсіп жатады. Қиындықтар тудырған кездер мен жеңіске жеткен сәттеріңізге мұның да әсері бар. Неліктен бұл бағытты таңдадыңыз?
- Олай ойласаң, қателесесің. Газеттің алғашқы санындағы «Бас редактор бағанасы» айдарымен жарияланған «Ардың сөзін айтайық!» атты бас мақаламда-ақ мен бағытымызды ашып айтқан болатынмын. Онда «Ар» газетінің мақсаты – біреулердің есесін қайтарып, есебін түгендеу немесе біреулерді мұқатып, біреулерден кек қайтару, яки жекелеген топтардың жетегіне еріп, әлдекімдердің сойылын соғып, содырына айналу емес… Біз биліктің де бишікеші, оппозицияның да айтақшысы бола алмаймыз. Біз мүмкіндігінше қарапайым халыққа объективті түрде ақпарат таратып, ел өмірінде болып жатқан елеулі оқиғаларға салиқалы сараптама жасауды мақсат етіп отырмыз» дегенбіз. Сол айтқанымыз айтқан. Шамамыз келгенше осы алған бағытымыздан ауытқымауды мақсат етіп, халықтың трибунасына айналуды көздеп келеміз. Осынымыз үшін биліктен де таяқ жеп, оппозициядан да сөз естіген күндеріміз аз емес. Тіпті сатып алғысы келіп, саудаға салғандар да, алдымен қаржы құйып, артынан есегі сияқты ерттеп мініп алғысы келген ұсыныстар да билік тарапынан да, оппозициялық партиялар тарапынан да болды. Біз мұның бәрінен де бас тарттық. Өйткені, белгілі бір саяси-идеологиялық ұйымның қолшоқпары болған басылым объективтіліктен айрылады да, өзінің бет-бейнесін жоғалтады.
«Біз тек қана бірыңғай қараны көреді, көлеңкелі тұстарға көбірек үңіледі» деген түсінік болмауы керек. Жарқ еткен жақсыны да жазамыз. Жақсымызды ешкім тартып алмайды. Оны бізсіз-ақ билікке бағынышты ақпарат құралдары күндіз-түні асыра сілтеп болсын, артығымен жарыса жазып жатыр. Ал кемшілігімізді көрсетіп, әділ сын айту жағы әрдайым кемшін соғып жатады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» емес пе?!
Бұдан бұрын да айтып, жазып жүргеніміздей, біздің бағытымыз – оңшыл да, солшыл да, радикалдық оппозиция да емес, либерал-центристік бағыт. Сол арқылы ел ішінде ағартушылық қызмет атқарып, ұлттық сананы көтеруді көздейміз. Біз өз көзқарасымызды халыққа күштеп таңбаймыз және әлдебір газеттер сияқты оқырмандарды «Анау – біздің адам», «Мынау – біздің адам емес» деп бөлмейміз. Кейде біз өзімізге ұнамайтын көзқарастарды да жариялап жатамыз. Ондағы мақсат – халықты өзгенің де пікірін сыйлай білуге, тыңдай білуге үйрету, қарама-қайшы көзқарастар арқылы пікірталас туғызу. Ал пікірталас пен айтыс-тартыстың нәтижесінде ақиқат туады. Журналистиканың, баспасөздің міндеті де сол – газет бетін әр алуан көзқарастардың, ашық пікірталастың алаңына айналдыру. Сондықтан біздің газетте жарияланған материалдардың бәрін бірдей «редакцияның көзқарасы» деп есептеуге болмайды. Біз қажет болса, ретті жерінде билікті де, оппозицияны да сынаймыз. Ондағы мақсат – «оларды бір ойып түсірейік, кекетіп-мұқатып, кемсітейік» немесе «тағын тартып ала қояйық» дегендік емес, кемшілігін көрсетіп, жаза басып, жаңылған жерін ашып айтып, қалай болғанда да халықтың мүддесіне жұмыс жасатуға титтей де болса ықпал ету және қарапайым халықтың тарығып барғанда тарқатып шер-мұңын айтатын мінбері, даусы, үні бола білетін басылым жасау. Бұл – әрине, өте қиын да қысталаң жол, екі оттың ортасында қалған немесе екі түйе сүйкенгенде ортасында қалған шыбынның қарекеті сияқты қиын хал. Бірақ осы газетті ашқалы бергі азғана уақыттың ішінде менің көп нәрсеге көзім жетті, көп адамдар мен жағдайлар туралы көзқарасым өзгерді, бірқатар тар жол, тайғақ кешу сияқты сын сәттерден өттім. Сондықтан биліктен де, оппозициядан да қорықпаймын, олардың маған қалай қарайтынында да шаруам жоқ. Ең бастысы – Алланың көзі түзу болып, елімнің көзқарасы дұрыс болса, болғаны.
- Қазақ тілді БАҚ пен орыс тілді БАҚ-ты салыстырғанда қазақ тілді БАҚ-тың көп артта екендігі айтылып жатады. Сіздіңше, бұл кемшілік неде? Оны толтырудың жолын көрсете аласыз ба?
- «Қазақ» десең – өзіңе тиеді, «соқыр» десең – көзіңе тиеді» дегендей, бұл жерде көп мәселе біздің өзімізге байланысты. Бұл – ең бірінші тілге қатысты мәселе, қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесін иелене алмай отырғанында. Ал бұл, айналып келгенде, тікелей биліктің тілге деген көзқарасына қатысты. Тіл мәселесін шешпей тұрып, қазақ журналистикасының да, қазақ өнерінің де, жалпы қазақ халқының да проблемасы шешілмейді.
Содан кейін, мойындауымыз керек, қазақ тілді журналистерде жүргізіліп жатқан реформаларды терең түсініп алмай тұрып, жағдайдың бетін қалқу, жалаң патриотизм, жаңалықты қабылдамай, жатсынып, айғайға сүрен қосу басым. Ал ол реформалар – айналып келгенде, биліктің жүргізіп отырған саясаты ғой. Біздің журналистер басқаны былай қойғанда, сол биліктің саясатының өзін дұрыс түсінбейді. Соның салдарынан бәрін бәз-баяғыша қазақбайландыруға, демократия дегенді «анархия» деп түсінуге, халықты қорқытып-үркітіп, қоғамның арбасын кері сүйреуге дайын тұрады. Жаңаша ойлаудан қорқады. Ал шын мәнінде қазақты құтқаратын күш – демократия. Ел ішін жайлаған жемқорлық пен әділетсіздіктің де тамырына балта шабатын – сол. Біз көбіне осыны түсінбейміз. Соған қарамастан, өзімізді өзіміз көкке көтеріп, кеуде қағамыз. Ал шын мәнінде қазақ газеттері оқылмайды, таралымы жоқ. Әңгіме – өзімізде, өзіміздің ақ пен қараны ажырата алмай, адасып жүруімізде және көбіне жалтақтық пен жалпақшешейліктің құлдығынан құтыла алмай, жағымпаз мінездің құрсауынан шыға алмай қалатынымызда. Әйтпесе, орыс тілді БАҚ-тың да бізден озып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бізде де оларды он орайтын талантты да сауатты журналистер, жекелеген интеллектуалдар әр салада да жеткілікті.
Қазақ журналистикасының адымын аштырмай отырған себеп бұл ғана емес. Айталық, бізде әлі де болса, журналистика мен жазушылықты шатастырып, ескі кеңестік психологияның шырмауынан шыға алмай жүрген қаламгерлер көп. Кім әдемі сөйлеп, әдемі жазады, шығармаларында мақал-мәтелдер мен мәйекті сөздерді, астарлы теңеулер мен бейнелеулерді көбірек қолданып, көркем тілмен жазылған көбік туындыларды дүниеге әкеледі – «жақсы жазушы да, мықты журналист те сол» деп санайды. Мен айтар едім, бас пен жақты айырғандай етіп, осының ара-жігін айыратын уақыт жетті. Журналистиканың стилі – әдемі сөйлеп, көркем тілмен әспеттеп, айтар ойын айшылық жерден орағытып әкеліп, бұлыңғырландырып, ақыры нақты не айтайын дегенін түсінгенше оқырманның немесе көрерменнің діңкесін құртып, басын қатыру емес, қарапайым тілмен нақты мәлімет беру, барша оқырманға түсінікті тілмен салиқалы сараптама жасай білу. Жұмабай Шаштайұлы ма екен, кім екенін ұмытып отырмын, бір қаламгердің: «Біздің қазақ журналистерінің кез-келген материалындағы алғашқы бір немесе екі, тіпті кейде үш абзацты оқымай-ақ, түгелдей қиып лақтырып тастап, үшінші немесе төртінші абзацтан бастап оқу керек. Негізгі айтайын деген әңгіме сол жерден басталады», – деп айтқаны бар еді. Сол рас сөз. Қазақ журналистерінің көпшілігі тақырыпты бірден бастап кете алмай, діңкесі құриды. Негізгі айтар әңгімесіне келгенше он шақырым жерден орағытып, арғы-бергі тарих пен әфсананы түгендеп немесе бағзы заманда сүйегі қурап қалған ата-бабасының ақыл-нақыл әңгімесін айтып, пәлсапа соғып отырып алады. Сондықтан көп ретте оқырман оның не айтқысы келгенін түсініп, нақты әңгімесіне жеткенше шаршап, басы қатады. Яғни бізде журналистика мен әдебиетті шатастыру бар. Әсіресе «әдебиетщина», сөз қуалау басым. Соның салдарынан журналистер көпсөзділік пен көкемылжыңдыққа ұрынады. Бұл – өз кезінде кеңестік журналистикаға тән сипат еді. Бірақ қазіргі талап өзгерді, мүлде басқаша.
Тағы бір мәселе – жалпы, біздің қазақ басылымдары бас редакторға жарымай-ақ қойды. Басылым басшыларының көпшілігінде өз көлеңкесінен өзі қорқатын ішкі цензура басым. Бас редакторлардың бәрі бір-бір Көшербаев, бір-бір Назарбаев болып алған. «Бұған әкім қалай қарайды? Президент не дейді?» деп, сол әкімнің, министрдің, Президенттің көзқарасымен ойлап, сондай деңгейге шығып алған. Мұндай жалтақтық түбінде жарға жығады.
Сосын бізде оперативтілік, яғни ең соңғы жаңалықты, ақпаратты дер кезінде тарату жағы кемшін. Материалдарымыздың көпшілігі «Кім, не? Қайда? Не болды?» деген қарапайым үш сұраққа жауап бере алмай, нақты ақпарат кілең бір шұбалшаңдай шұбатылған шұбалаң сөйлемдердің арасында шашылып жүреді. Ақпаратты қандай да жолмен болсын, (ол үшін кейде басты бәйгеге тігіп, естімейтін сөзді естуге де тура келеді) ала білу және оны дер кезінде шапшаң тарата білу жағынан кенже қалып жатамыз. Көбіне алдыңғы күнгі немесе өткен аптадағы, ендігі ел аузында ескіріп қалған ақпаратты жұрттың бәрі естіп-біліп, бір-біріне айтып болып, жаңалық ретінде маңызын жойған соң, орыс тілді БАҚ оны әбден иін қандырып, талқылап болған соң барып, «Той өткен соң – даңғыра» дегендей, дабыралап жариялап жатамыз.
Ақпаратты ала білу бар да, оны сол шынайы күйінде жариялау бар. Біз көбіне осыдан да ақсап жатамыз. «Осыған билік қалай қарар екен? Қоғам қалай қабылдайды? Анау не айтар екен? Мынау не деп ойлайды?» деген сияқты кешегі кеңестік кезеңнен қалған кембағал психология мен үрейден қаламы қалтырап, халыққа қажетті ақпаратты тарата алмай, өңін айналдырып, өзгертіп, оқырманды адастыратын әріптестеріміз аз емес. Немесе «Үндемеген – үйдей пәледен құтылады» деп, ең тынышы ол жөнінде ләм-мим демей, басынан асыра өткізіп жіберіп, түк болмағандай тымпиып отыратын бейшара ақпарат құралдары да бар. Олар – өзінің кәсіби міндетіне адалдықпен, жауапкершілікпен қарай алмайтын, кез-келген уақытта позициясын сатып жүре беретін жалдамалы, жәреуке басылымдар. Өкінішке қарай, бізде қазір осындай баспасөздің айы оңынан туып тұр.
Айта берсек, кемшілік жетіп артылады. Бұл өзі – негізінде жеке талдауды қажет ететін күрделі тақырып қой. Сондықтан осы айтылған кейбір кемшіліктерімізден арылып алсақ та, тек орыс қана емес, біраз халықтардан оқ бойы озық, иығымыз ілгері тұрар еді.
- Қазақстанда медиа-бизнес қаншалықты дамуда деп ойлайсыз? Немесе оған не кедергі?
- Бұл сұрақ та жаңағы сауалыңның жалғасы іспетті ғой. Бізде әлі күнге дұрыс медиа-менеджмент қалыптаспаған, газеттің таралымын көбейтіп, баспасөзге жазылуды өз деңгейінде ұйымдастыра алмаймыз, күнделікті жұмысымызда соңғы технологияларды пайдалана алмаймыз. Бір ауыз сөзбен түйіндеп айтар болсам, бізде еркін бәсекелестікті қамтамасыз ететін сфера, медиа-рынок жоқ. Барлығы да – жекелеген топтардың немесе ресми биліктің ықпалында, аузын абайлап ашып, аяғын аңдап басатын, күштілер мен тістілердің күйін күйттеп, солардың қазан буы жоғары ұшқанын тілеп, қаспағын қырып жегеніне мәз болып, қаз басқан қадамына есеп беріп, қалт еткен жерінде қамшысын жеп, қақпақ пен тоқпақтың астында күнелтіп отырған БАҚ. Сондықтан Еуропа елдеріндегідей еркін бәсекелестік, шынайы медиа-рынок қалыптастыру үшін біздің қоғам демократиялық құндылықтарды бірінші орынға шығаруы керек. Ал елімізде демократияны дамыту үшін ақпарат құралдарының өзі мейлінше тәуелсіз, ешкімге жалтақтамайтын, еркін болуы тиіс. Көріп отырғаныңдай, бұл екеуі – бірінсіз бірі жоқ, бір-бірімен сабақтасып жатқан дүние. Айналып келгенде, бәрі құлдықтан азат санаға, сөз бостандығы мен баспасөз бостандығына барып тіреледі. Онсыз ешқандай медиа-рынок та болмайды, медиа-бизнес те дамымайды. Ал әзірге, тап қазіргі жағдайда бізге ол туралы айту әлі ертерек.
- Кейбір әріптестеріңіз сізді «Маңғыстаудың діни наным-сенімін мойындамайды» деп айыптап жатады. Сіздіңше қалай?
- Жалпы, менің түсінігімде «Маңғыстаудың дәстүрлі діні», «Шыңғыстаудың дәстүрлі діні» немесе «арабтың діні», «қазақтың діні» деген дін жоқ. Адамзаттың діні біреу. Ол – құдіретті Аллаһтың діні – ислам. Біз барша мұсылман қауымы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызға түскен қасиетті Құран Кәрімді мойындауға тиіспіз. Мен дін адамы емеспін, бірақ Құдайдың бірлігіне, Құранның шындығына, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың Алланың елшісі екендігіне иман келтіремін. «Ата-бабаларымыз ұстанып өткен ақ діннің жолы да осы» деп ұғынамын. Исламның қағидаларына қайшы келмейтін, ықылым замандардан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан саф алтындай салт-дәстүрлерін де құрметтеп, шамам келгенше ұстануға тырысамын. Өйткені, мен де аспаннан түскем жоқ, жерден шыққам жоқ, мен туралы жаңағыдай әңгіме таратып жүрген пенделер сияқты мен де анадан тудым, атаның қанынан жаралдым. Сондықтан тұла бойымда ағып жатқан қазақ деген халықтың қаны мен жанынан жаралған сан ғасырлық салт-дәстүрлерін тәрк етуге хақым жоқ.
Өзім туралы ондай әңгімелердің шет-жағасын естіп жүрмін. Ол сөздердің қай жақтан шығып жатқанын да сеземін. Сондықтан ондай өсекті таратып жүрген адамдарды мүсіркеймін. Бұл сұрақты қою арқылы нені меңзеп отырғаныңды да түсініп отырмын. Егер әңгіме 2005 жылы 18 сәуірде дінбасылармен кездесуде Президенттің өзі «Абай» деп, «Шәкәрім» деп, ұлылардың атын жамылып жүрген ондай ұйымдардың ісін тексеру керек» деп қатаң ескерту жасаған, ҚМДБ арнайы пәтуасын шығарып, бағасын берген, арғы-бергіде өткен аруақты ата-бабалардың атын жамылып, олардың айтпаған сөзін «айтты» деп, аузына өтірік сөз салып, өлең-жырларын өңдеп, қайта бастырып жүрген, ата-бабамызда жоқ дәп-дәстүрді ойлап тауып, сол сасық идеяларын халықтың санасына сіңіруді көздеп, жанталаса әрекет етіп, қазіргі қазақ қоғамын қақ жарып жүрген исматуллашылар туралы болса, олар туралы біз айтарымызды айтқанбыз. 2006 жылғы 15 мамырдағы «Ислам және өркениет» газетінде жарияланған, «Мұнан әрі төзе алмаймыз!» деген атпен Елбасына жазылған, 27 адам қол қойған ашық хатта біз бұлардың бет-бейнесін ашып көрсеткен болатынбыз. «Қажет» деп тапқан адам сол ашық хатты тауып, оқып алар.
Ал еркектері қауғадай сақал қойып, арамза пиғыл ұялаған ала дорбасын арқалап, сәлдесі шаңырақтай болып, шапаны жер сызған, әйелдері басы-көзін тұмшалап, тырнағын ішіне бүккен, халықтың арасына іріткі салып, «нақышбандия тарихатынанбыз», «яссауиа тарихатынанбыз», «сопымыз», «ахмадиямыз», «салафиміз» деп, әртүрлі діни ағымның атын жамылып, секта құрып, өздерінің лас істерімен елді бүлдіріп жүргендердің бірде-біреуіне де сенбеймін. Бұлар – өздері надан болғанымен қоймай, өзге жұртты да надандықтың ми батпағына сүйрейтіндер немесе халықтың діни сауатсыздығын шебер пайдаланып, жеңіл жолмен пайда табуды, сондай-ақ билікке келуді көздейтіндер. Мен жалпы діни фанатизмге қарсымын. Қарапайым елдің сауатсыздығын пайдаланып, халықтың ең нәзік, ең жанды жерінің сезім қылын шертіп ойнап, «Адай ата», «Құдай ата» деп, қор құрып, қоғам ашып, ата-баба әруағын саудаға салып, жоқтан жонып харекет жасап, «шырақшылық бизнесті» шыр айналдырып отырған кейбіреулерге де қосылмаймын да қолдамаймын.
Сайып келгенде, «Ел аузына етек тықпақ жоқ», мен туралы кім не айтпайды?! Олардың әрқайсысының алдына барып, ақталып, өзім туралы жақсы ойлауын өтінетін жағдайым жоқ. Ауыз өзінікі ғой, айта берсін, обал-сауабын өзі көтереді. Тек ертеңгі күні, таңда маһшар болғанда, ана дүниеде әрбір айтқан сөзінің жауабы болатынын ұмытпаса, болғаны. Ең бастысы – ел алдында арым таза, бір Құдайымды біліп, ата-баба әруағын құрметтеп, халқымның қажетіне жарайтындай іс тындыра алсам, ойымның орындалғаны.
- Туған өлкең – тынысың. Маңғыстаудың тынысын тарылтып тұрған қандай нәрселер?
- Мен көзімді тырнап ашқалы көріп келе жатқаным – осы елімнің, жерімнің проблемасы. Қайсыбірін айтайын, ұшан-теңіз. Тұрмыстық түйткілдер де, әлеуметтік проблемалар да жеткілікті. Бір жерде газ жоқ, бір жерде су жоқ, енді бір жерде жол жоқ. Сол мың сан мәселенің түйіні, айналып келгенде, адам факторына, кадр проблемасына келіп тіреледі. Сондықтан мен бір ғана осы мәселе туралы айтайын. Біздің ең бірінші өзекті проблемамыз – жергілікті кадрларды көтеру мәселесі. Бұған көп ретте өзіміздің азаматтар кінәлі. Кешегі күні атқа мініп, ел басқарған «шалдарымыздың» дұрыс саясат жүргізе алмауы, өздеріне лайықты ізбасар дайындамауы – басты себеп. «Ауылдағының аузы сасық». Сырттан келгеннің бәрі сырттан иттей көрінеді. Қылқиып көтеріліп келе жатқан елдің азаматын қолдап, көтермелеу дегенді білмейді. Қайта аяқтан шалып, жарға жығып, оңдырмай құлатып, омақастыруға дайын тұрады. Итше ырылдасқан қанден-тірлік, қасқыр-жаулық бар бір-біріне дегенде. Яғни азаматтарымыздың аузы бір емес. Ал алауыз елді арамза да билейді, ақымақ та айдағанына жүргізіп, айтқанын тыңдатады. Өзің де білесің, «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады». Ал қанша айтқанмен, сырттан келген уақытша адам уақытшалығын жасайды, өз өлкеңнің азаматындай болып, «Түбі жерленіп, бір уыс топырағы бұйырып, сүйегім қалатын жер осы ғой» деп, ел дегенде еміреніп, жер дегенде тебіреніп жұмыс істемейді. Осыны айта-айта аузымыз күйетін уақыт болды. Алайда еш нәтиже жоқ.
Сосын қазір басқа жеке меншік кәсіпорындарды былай қойғанда, кез-келген мемлекеттік органға барғанда өзінің қызметтік міндетін дұрыс білмейтін, отырған орнының қадір-қасиетін түсінбейтін, не қазақша, не орысша жөнді сөйлей алмайтын, не үлкенге ізеті, не кішіге ілтипаты жоқ, бір сөзбен айтқанда, ешқандай өмір мектебінен өтпеген, ешқандай тәрбие, тәртіп көрмеген «жаңа» қазақтарды – санасыз жастарды көп көремін. Міне, аттай қалап, алыстан шақыртып алған қазіргі кадрларымыздың сықпыты осындай.
- Сізді «жергілікті атқарушы билікпен үнемі текетіресіп жүреді» дейді. Бұл әңгіме қаншалықты рас?
- Мана айтып кеткенімдей, менің билікте ала алмай жүрген ұзында өшім, қысқада кегім жоқ. Маған оның мансабы да, басқасы да керек емес. Біраз жыл биліктің дәлізін де көрдім, бірқатар баспалдақтарымен де көтерілдім.
Мен жергілікті атқарушы билікке ашықтан-ашық оппозицияда емеспін. Рас, бізге тікелей болмағанмен, жанама түрде қысым жасалады. Онысын ресми билік қанша сездіргісі келмесе де, желдің қай жақтан соғып тұрғанын сезіп отырамын. Жергілікті атқарушы билікті жау көретіндей текетіресіп жүрген ештеңем жоқ. Олардың ішінде де маған тілеулес, дені дұрыс, еркін ойлай алатын азаматтар бар. Мені жақсы көргенсіп, жампаңдап, жоғарғы билікке сөз тасу үшін суыртпақтап сыр тартатындар да жоқ емес. Әрине, өзін сынағанды кім жақсы көрсін?! Мүмкін әділ сынымызды көңіліне ауыр алып, кек тұтып жүргендер, бізді жау санайтындар да бар шығар. Бірақ біз сынасақ, кемшіліктің жойылғанын, қоғамның жақсарғанын, тұрмыстың түзелгенін, бәріміз де жайлы да жақсы өмір кешуді қалағандықтан, соған барар жолдағы кейбір келеңсіздіктерді айтамыз. Біз де өлкеміздің өркендегенін, еліміздің дамығанын, халықтың әл-ауқаты жақсарғанын, заманымыздың тыныш болып, қақтығыс-соқтығыстардың болмағанын қалаймыз. Сол жолда қандай да бір ізгі мақсатқа қол жеткізу керек болса, кіммен де болса бірігіп әрекет етуге дайынбыз. Сондықтан билікке айтарым – бізді жау санап керегі жоқ. Жауды басқа жақтан іздегені жөн.
- Сізді жұртшылық ақын ретінде де таниды. Жарық көрген кітаптарыңыз да бар. Газеттің қым-қуыт жұмысы шабыт шақыратын шақтарыңызды тежеп тастаған жоқ па?
- Оның рас. Журналистиканың қара қамытын бір кигеннен кейін өлең жазбақ түгілі, олай-былай ошаң етуге де уақытың болмай қалады. Дегенмен «Ар.kz» газетін ашпай тұрып, Алматыдағы «Информ-А» баспасына екі кітабымды дайындап, тапсырған болатынмын. Оның бірі – алғашқы жыр жинағыма енбей қалған сонау он бес-он алтыдағы кезімнен бастап, қазірге дейінгі жазған өлеңдерім. Кітапқа Әбіш Кекілбаев ағамыз алғысөз жазды. Екіншісі – оқушы кезімде жазылып, баспасөзде жарияланған балаларға арналған шығармаларым. Екеуі де қаражат тапшылығына байланысты жарыққа шықпай жатыр.
- Сізді ойландыратын, көкейіңізде жүрген мәселе?
- Қазақтың қабырғасына бататын, қазақтың жанын ауыртатын барлық мәселелер мені де ойландырады. Әсіресе «Мына қалпымызда жүре берсек, халық болып сақталып қала аламыз ба? Қазақ ел бола ма, болмай ма?!» деген ой күндіз-түні жатсам да, тұрсам да, жаныма маза бермейді.
- Мұнайлы ауданы туралы пікіріңіз.
- Мұнайлы – жаңадан ашылып жатқан аудан. Әрине, облысымыздың әкімшілік-саяси картасында жаңа ауданның пайда болғаны, тарихи әділеттіліктің қалпына келтірілгені мені де қуантады. Бірақ осы шаруа кішкене алақаудан, асығыстау шешілген сияқты. Алдымен аудан болуға қажетті алғышарттар қалыптасып үлгермей, алдын-ала жан-жақты, тыңғылықты дайындық жұмыстары жүргізілмей жатып, апыл-ғұпыл ашылған аудан сияқты көрінеді де тұрады көңіліме. Соның салдарынан жаңадан құрылған жас ауданның әкімшілігі ана проблемамен де алысып, мына проблемамен де арпалысып, біраз қиыншылықтардың батпағына малтығуына тура келеді. Өйткені, Ақтау қалалық әкімшілігі осыған дейін қырық жыл бойы шешілмей келе жатқан барлық проблемаларының 40-50 пайызын жаңа ауданның мойнына аударып салып, ерін алған құр аттай болып, құтылып шыға келді. Сөйтіп, жаңа ауданның әкімшілігі Қызылтөбе, Маңғыстау, Баянды, Дәулет, Бірлік сияқты шаш-етектен шаруасы бар әлжуаз ауылдарды былай қойғанда, әлі әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жолдары қарастырылған бағдарламасы түгілі, ауыл, село ретіндегі статусы да белгіленбеген ондаған саяжайлардың проблемаларымен бетпе-бет қалды. Енді жаңа әкім Оспан Қазақбаевқа бұл проблемаларды оң шешу үшін көп тер төгуге тура келеді. Ол үшін оған сайдың тасындай іріктелген, іскер, елге, жерге жаны ашитын азаматтардан құралған мықты команда мен халықтың қолдауы керек. Жаңадан құрылып жатқан жас ауданның болашағы туралы «Олай болады, былай болады» деп болжам айту ертерек. Тек әзірге бұл аудан облысымыздағы әлеуметтік-экономикалық ахуалы ең бір күрделі аудан болатыны сөзсіз.
Мұнайлы ауданының халқына да, жаңадан ашылып жатқан «Мұнайлы» газетіне де тек қана жақсылықтар тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Сұхбаттасқан Анаргүл ТӨЛЕГЕНОВА
(Маңғыстау облысындағы Мұнайлы аудандық «Мұнайлы» газетінің 2008 жылғы 22 ақпандағы № 7 (10) саны, 4-5-беттер. Сол кездегі газеттің бас редакторы Нұрлан Оразғалиевтің қорқақтығы мен жалтақтығының кесірінен мұнда сұхбаттың тұтас бір абзацы (асты сызылған жерлері) және кейбір жерлері ішінара алынып тасталып, қысқартылып жарияланған болатын).